"Астана қаласы әкімдігінің "Өркен" балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталыгы" МКҚК

 

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ МЕН СПОРТ БОЙЫНША САБАҚТЫ ЖӘНЕ САБАҚТАН ТЫС ЖҰМЫСТАРДЫ ӨТКІЗУ

5-19 тамызда Қазақстанда педагогтердің республикалық Тамыз конференциясы өтіп жатыр. Екі апта бойы панельдік сессияларда педагогтер мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім берудегі өзекті мәселелерді, балалардың құқықтарын қорғау және білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы педагог қызметкерлердің республикалық Тамыз кеңесі аясында дене шынықтыру мұғалімдерінің секциялық отырысын өткізді.

Пленарлық отырыс «Оқу жұмысын жоспарлау және ұйымдастыру»; «Дене шынықтыру мұғалімінің сабақтан тыс жұмысын ұйымдастыру мәселелері» тақырыбындағы екі бағытты қамтыды.

«Дене тәрбиесі мен спорт бойынша сабақты және сабақтан тыс жұмыстарды өткізу» тақырыбындағы дәстүрлі секциялық отырыс 11 тамыз күні елордада Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.                             Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінің білім басқармалары мен бөлімдерінің өкілдері, дене шынықтыру, спорт орталықтарының директорлары, әдіскерлер және дене шынықтыру мұғалімдері қатысты.

Арнайы қонақтар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері.

Спикерлер: Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Ұлттық тестілеу орталығы, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталығы, «НЗМ» Педагогикалық шеберлік орталығы, ҚР Дене шынықтыру мұғалімдер қауымдастығы, жекеменшік Үркер мектебі, «Өркен» балалар-жасөпірімдер дене тәрбиесі орталығы, Қазақстан мектеп спорты федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының мамандары.

Тамыз кеңесі аясында оқу жылы көлемінде өткізілген республикалық Ұлттық мектеп лигасының жеңімпаздары марапатталды. 2021-2022 оқу жылында 10 спорт түрінен 41 жарыс өткізілді. Бірінші кезеңде 1 946 371 (54 %), екінші кезеңде 776 964 (21,5%), үшінші кезеңде 50597 (1,4 %) және төртінші кезеңде 4192 (0,11%) оқушы қатысты. Былтырғы жылмен салыстырғанда 13,8% қатысушылар саны артты.